
Биыл Қазақстанда 130 мыңнан аса адам Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Оның 111 мыңнан астамы — биыл мектеп бітірушілер. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында мәлімдеді, — деп хабарлайды тілшісі.
Министрдің сөзінше, биыл ҰБТ форматы өзгертілген жоқ. Барлығы — 5 пән: үш міндетті және екі бейімдеу. Тест қағаз жүзінде өтеді. Тест тапсырмаларының саны — 120, ең жоғары балл — 140.
«Жалпы биыл мектеп түлектерінен тестіге қатысу үшін 111 109 немесе 82 пайыз өтініш түсті. Бұл былтырмен салыстырғанда, 11 пайызға немесе 15 мыңға жуық түлекке көп. Сондай-ақ, алдыңғы жылдары мектеп бітірген түлектерді қосқанда, биыл барлығы 131 755 адам тест тапсырады. ҰБТ бекітілген мерзімде, яғни, 20 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтау арқылы 161 ҰБТ пунктінде өткізіледі», — деді Асхат Аймағамбетов.
Министр биыл өтініштерді қабылдау онлайн форматта өткенін айтты. Тек интернеті жоқ өңірлерге дәстүрлі форматта құжаттарды тапсыру мүмкіндігі берілген.