Президент өз міндетін атқара алмай отырған бірнеше әкімге сөгіс жариялады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше әкімге сөгіс жариялады, — деп хабарлайды тілшісі. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде жазды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялады», — дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Берік Уәлидің хабарлауынша, Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту жасаған.

«Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін айтты», — делінген хабарламада. 

Еске салайық, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізетінін хабарлаған болатын. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Back to top button 1 2 3 4 5 6