«Қолға 700 мың аламын». Қазақстанда қала әкімдерінің жалақысы қанша?

Таяуда Павлодар қаласы әкімі Ержан Иманслям қанша жалақы алатынын айтты. 

Өңір басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық акция аясында Facebook желісіндегі тікелей эфир кезінде жалақысын айтты.

«Бүгінгі таңда менің Павлодар қаласының әкімі ретіндегі жалақым — 484 мың 363 теңге«, — деді Иманслям.

Мемлекеттік қызметте шенеуніктің жалақысы еңбек өтіліне қарай берілетіні хабарланған. Сондықтан, топтамадағы әкімдердің бұрын бұл лауазымды қанша уақыт атқарғанын айтып өтейік. 

Мысалы, Ержан Иманслямның әкім ретінде еңбек өтілі көп емес. 2015-2017 жылдар арасында СҚО-дағы Тайыншы ауданын басқарған. Ал биыл шілдеде Павлодар қаласының әкімі қызметіне тағайындалған. 

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев те жақында жалақы көлемін атағандардың бірі болды.

Қайрат Оразбаев жалақысы туралы ақпаратты «Антикорлайф» бағдарламасында мәлім етті.

Әкімнің сөзінше, ол табыс салығы мен зейнетақы аударымдарын қоспағанда қолына 380 мың теңге алады.

Қайрат Оразбаев бұрын әкім қызметін атқарып көрмеген. Атырау — ол әкім болған алғашқы қала. Бұл қызметке ол биыл қаңтарда тағайындалған болатын. 

Орал әкімі Абат Шыныбеков

Орал әкімі Абат Шыныбеков те таяуда қанша жалақы алатынын айтты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкім мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы құпия емес екенін мәлімдеді. 

«Барлық салықты алып тастағанда, мен айына 387 мың теңге көлемінде жалақы аламын», — дейді ол.

Сонымен қатар, Абат Шыныбеков кредиті де бар екенін атап өтті. Алайда ол орынбасарлары айына қанша жалақы алатынын айтқан жоқ.

Шыныбеков соңғы жеті жыл бойы түрлі аймақта әкім қызметін атқарып келеді. 2013 жылы БҚО-дағы Сырым ауданының әкімі болып тағайындалып, бұл қызметте төрт жыл жұмыс істеген. 2017-2019 жылдар арасында Қазталов ауданының әкімі болған. Ал былтыр тамызда Орал әкімі болып тағайындалған.  

Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов

Кеше Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов қанша жалақы алатынын айтты. Қайрат Ахметов өз жалақысын «Антикорлайф» эфирінде мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлық біз үшін жат» акциясы аясында Қостанай қаласы әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі туралы мәселе бойынша сөз сөйледім, сондай-ақ өзімнің ай сайынғы жалақымды атап өттім», — деп жазды әкім Instagram желісіндегі парақшасында.

Әкімнің айтуынша, ол 484 мың теңге жалақы алады.

Қайрат Ахметов Қостанай әкімі қызметіне былтыр 1 ақпанда тағайындалған болатын. Қостанай облысының тумасы. Бұған дейін Меңдіғара, Қарасу, Федоров, Қостанай (қала емес — авт. еск.) аудандарының әкімі қызметін атқарған.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов

Бұған дейін «Антикорлайф» акциясына Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов жалақысының қанша екенін мәлімдеген.

Облыс әкімі акция барысында 766 мың теңге жалақы алатынын айтты.

Мұхамбетовтің Қостанай облысы әкімі қызметінде отырғанына бес жыл болды. Бұл қызметке 2015 жылы 11  қыркүйекте тағайындалған.

Ақтөбе облысының тумасы 12 жылдан бері әкім қызметінде жүр. 2008 жылдан бастап үш жыл бойы Ақтөбе қаласын басқарған. Ал 2011-2015 жылдар арасында Ақтөбе облысының әкімі болған.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жалақысы 950 мың теңге екені белгілі болды, алайда салықты алып тастағанда 700 мыңнан сәл асады екен.

«Жалақым барлық әкімдікіндей. 950 мың теңге шамамен. Қолыма тазасы 700 мыңнан аса аламын. Салық бар, білесіздер», — деді Алматы әкімі елордада өткен Орталық коммуникациялар брифингінде.

Бақытжан Сағынтаевтың Алматы әкімі қызметінде жүргеніне бір жылдан асты. алматы ол басқарған алғашқы өңір емес. Сағынтаевтың еңбек жолында Павлодар облысының әкімі қызметі де болған. Ол лауазымда 2008 жылдың қыркүйегінен 2011 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеген.  

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов

Ал Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің жалақысы қанша? Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтында жарияланған. Ресми ресурстағы мәлімет бойынша, бас қала әкімінің жалақысы — 771 007 теңге.

Алтай Көлгінов соңғы жеті жылдан бері әкім қызметінде жүр. 2013 жылы Орал әкімі қызметіне кіріскен. 2016 жылы БҚО әкімі болып тағайындалған. Ал былтырғы 13 маусымнан бері Нұр-Сұлтан қаласын басқарады.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың да жалақысы Архимед Мұхамбетовтікіне ұқсас.

«Менің жалақым туралы айтар болсақ, қолыма 766 мың теңге аламын», — деді облыс әкімі журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысын 2017 жылдың наурызынан бері басқарып келеді. Әкім қызметіндегі еңбек жолы өткен ғасырда басталған. 1998 жылы Қостанай облысы Меңдақара ауданының әкімі қызметіне тағайындалып, төрт жыл сонда жұмыс істеген.

Кейін сол облыстағы Таран ауданының әкіміне ауысып, тағы екі жыл қызмет атқарған.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов

Былтыр 3 шілдеде Түркістан қаласының әкімі қызметіне Рашид Аюпов тағайындалған болатын. Сол кезде редакциясы қала әкімдігіне сауалхат жолдап, әкімнің жалақысын білген.

Жалақысы, көлігі, хоббиі. Сіз кімсіз, Түркістан әкімі?

Сол кезде әкімдіктің баспасөз қызметі Рашид Аюповтің жалақысы 483 941 теңге екенін айтқан еді.

Бұл — Рашид Аюповтың әкім ретіндегі алғашқы қызметі. Түркістан қаласына дейін әкім болып жұмыс істеп көрмеген.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев

Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілдері қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қанша жалақы алатынын айтқан.

Әкімдіктегілердің айтуынша, қала басшысының жалақысы —  515 149 теңге. Бұл ең төменгі 18 жалақыға тең. Әкімнің салықты заңнамаға сәйкес уақтылы төлейтіні айтылады.

Әкімдік өкілдері сол кезде Нәлібаевтың жылдық табысын да атаған болатын.

«Жылдық орташа табысы (үстеме ақша мен сыйлықақыны қосқанда) — 8 387 105 теңге. Жыл сайын төлейтін салық мөлшері — 555 516 теңге», — деді әкімнің баспасөз қызметіндегілер.

Нұрлыбек Нәлібаевтың Қызылорда әкімі қызметінде жүргеніне жеті жылдан асқан. 2008 жылы Қызылорда облысындағы Шиелі ауданын басқарған. 2013 жылдың ақпанынан бері Қызылорда қаласының әкімі.

Back to top button 1 2 3 4 5 6