Оқушыларға вакцина салу жоспары туралы құжат тарады. Шенеунік жазаланды

Желіде Қызылорда облысында 12 жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарланғаны, осыған орай, екпе салдыратын балалардың тізімін дайындау туралы жазылған хат тарады. Облыстық Білім басқармасының өкілдері бұл жағдайға байланысты пікір білдірді, — деп хабарлайды тілшісі. 

Қызылорда облысының Білім басқармасы баспасөз қызметі өкілдерінің сөзінше, ата-аналарды аландатып, қоғамда екіұдай пікір туғызған аудандық білім бөлімі басшысының қызметтік жауапкершілігі қаралып, тәртіптік жаза қолданылған. Алайда шенеунік қалай жазаланғаны белгісіз қалып отыр.

«Заңға сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларға ата-аналардың келісімінсіз ешқандай екпе жұмыстары жүргізілмейді. Өздеріңізге белгілі, епке жасау алдында әр ата-анаға келісім парағы беріледі. Арнайы келісімсіз балаға екпе жасалмайды. Бұл жағдайға байланысты Білім және ғылым министрілігі, Білім басқармасы тарапынан балаларға екпе жұмыстарын жүргізу туралы қандай да бір құжат қабылдаған емес», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, Желіде тараған хат Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес егілетін вакциналар (БЦЖ, қызылша, қызамыққа қарсы, АбКДС+ХиБ+ИПВ) туралы мектептердегі ата-аналар комитеті өкілдеріне ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мәлімет жинақтау үшін жолданған.

«Бүгінде республика көлемінде 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарастырылып жатыр, дегенмен, бұл түпкілікті шешілмеген және балаларға арналған вакцина біздің елге жеткізілген жоқ», — деді Әлия Мүтәліпқызы.

Бүгінде басқарма хат мазмұнындағы тізім жинақтау мәселесін дереу тоқтатқан. Ешқандай білім ұйымдарынан тізім жинау процесі жасалған жоқ. Хаттың күші жойылды.

Еске салайық, бұған дейін ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева бүгінде мектептерде вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ екенін және Қазақстанға балаларға арналған екпе келген жағдайдың өзінде ол тек ата-анасының рұқсатымен салынатынын айтқан болатын. 

Back to top button 1 2 3 4 5 6