Жаңа денсаулық сақтау министрі коронавируспен күрес туралы: Шамамыз жетеді

Коронавируспен күресуге ресурс жетеді және біздің шамамамыз жетіп жатыр. Бұл туралы жаңа денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазір инфекция елдегі әр отбасына дерлік тараған.

«Қазір жағдай мынадай: инфекция әр үйге тарап жатыр деген кезеңге көшті. Вирус тұрғындар арасында тарап, әрбір отбасы дерлік осы мәселемен бетпе-бет келді. COVID-19 таралуы күн сайын өсіп жатыр. 30 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 40 мыңға жуық адам жұқтырды, қайтыс болып жатқан жағдайлар бар. Медициналық ұйымдар соңғы айда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Медицина қызметкерлері жұқтырғандармен үнемі қарым-қатынаста болғандықтан ауырып қалып жатыр. Бұл кадрдың жетіспеушілігіне әкеп соғып жатыр. Бірақ ресурстар жетеді және біздің шамамамыз жетіп жатыр», — деді министр ОКҚ өткен онлайн-брифингте.

Сондай-ақ, министр дәрілер жетпей жатыр деген дүрлігудің нүктесін қойды. Оның айтуынша, елде дене қызуын түсіретін дәрілер жетеді.

«Үкіметтің жаңа шаралары жағдайды тұрақтандырады. Денсаулық сақтау жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының барометрі болды және болып қалады. Жағдайды білген соң науқастардың нақты проблемалары қандай екені белгілі болды. Дәрілер жетпей жатыр дегенін мәселеге де нүкте қойғым келеді. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі түрлі хабарлама халықты дүрліктіріп, тұрғындардың жаппай дәрі сатып алуына әкеп соқты. Әсіресе, дене қызуын түсіретін препараттарды. Елімізде бұл препараттар өндіріліп жатыр және аймақтарға жеткізу мәселесі шешілді. Дүрліккен жағдайды қарап, дәрілік заттарды сатып алу мен жеткізу ережесін қайта қарауға тура келді. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттарды жеткізді», — деді министр ОКҚ өткен онлайн-брифингте.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы коронавируспен күрес шараларын талқылау үшін комиссия отырысын өткізді. Жаңа тағайындалған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавируспен күрестің жолдарын ұсынды.

Соңғы мәліметтер бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 21 819-ға жетті. 13 008 адам аурудан айықты, 188 адам қайтыс болды.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Back to top button 1 2 3 4 5 6